Мектеп тарихы » М.Әубәкіров атындағы орта мектеп
Жетісу облысы білім басқармасының
Алакөл ауданы бойынша білім бөлімінің
"М.Әубәкіров атындағы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72837) 4-96-04
Есепші бөлімі:
+7(72) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
21
июнь
2022

Мектеп тарихы

І. МЕКТЕПТІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Екпінді орта мектебі 1930 жылы бастауыш мектеп болып ашылды. 1932 жылы ауылдың аты Екпінді болып өзгергенде Екпінді бастауыш мектебі болып аталды. 1935 жылы Сәуір айында Өлкелік партия ұйымының 8 конференциясынан кейін БК/б/П Орталық Комитетінің тікелей нұсқауымен Қазақстанда ана тілінде оқитын орта мектептер ашу туралы қаулының қабылдануына қарай Сарқаннан көшіріп әкелген ШКМ деп аталатын 7 жылдық мектеп Екпінді қазақ орта мектебі болып ашылды. Сол кездегі Ақсу, Бөрлітөбе, Андреев, Дзержинск, Сарқан аудандары ішіндегі қазақ тілінде орта білім беретін жалғыз мектеп болып ашылды. Мектептің алғашқы директоры Ленин орденінің иегері Әбдікәрім Қалқабаев болды. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Бөрлітөбе ауданының барлық ауылдарындағы қазақ балалары осы мектепке келіп оқи бастады. Өйткені сол кезде жоғары класс оқушыларына стипендия төлейтін және мектеп жанынан интернат ашылды. 1937 жылы мектеп өзінің жеті мектеп бітірушісін алғаш рет орта білім туралы аттестатпен шығарып салды.
Орта мектептің тұңғыш директоры Әбдікәрім Қалқабаевтың мектептің оқу базасын нығайтуы, оқу-тәрбие ісі жөніндегі еңбегі ерекше бағаланып, 1939 жылы Ленин орденімен наградталған бірінші ұстаз-директор. Бір топ шәкірттерімен Ұлы Отан соғысына қатынасып, гвардия лейтенанты , батальон командирі, үш орден, төрт медальмен аман-есен ауылға оралады. Соғыстан келгеннен кейін Ақсу ауданына атқару комитетінің орынбасары болып ауысып кетеді. Одан кейінгі жылдары мектепте директор болып істегендер Бек Әбітеев, Байшалов Қожамберді, Әйкен Әбдірахманов, Қожақан Қасымов, Қожақмет Шәкенов, Аталық Шынғожин, Әукен Қазыбаев, Қанапин Әділхан, Баяділов Қазығұл Бекжанұлы, Мәдібаев Мұса Қайсаұлы, Мырзаханова Гүлсімжан Ысқаққызы, Бұлғымбаева Күлсімхан Малайқызы және бүгінгі таңда қызмет атқарып жүрген Нусупова Гүлнар Қасымбайқызы, мектептің материалдық базасын көтеруге оқушылардың дұрыс білім алуына жағдай жасаса, оқу ісінің меңгерушісі болып істеген Омарбаев Ақаш, Нұғыманова Қазықан, Бекжанов Бәшен, Шәкеров Нұрғизат, Шынғожин Жүсіп, Смағұлова Шәмшібану, Қыстаубаев Әділхан Кәкенұлы, Окпебаев Ербол Шерниязұлы, қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген Долдаханова Бағила Серікқызы, тәрбие ісінің орынбасарлары болып қызмет атқарған Шынғожин Жүсіп, Қайсарова Фарида, Қыстаубаев Серік Кәкенұлы, Байжанов Сәбетай, Нүсіпов Сәбетай, Қыстаубаев Әділхан, Нусупова Гүлнар , Шотанбекова Меңжамал, Окпебаев Ербол, Байбатшанов Сырым, Оралханов Шалқарлар мұғалімдердің теориялық білімін, сабақ жүргізу әдісін шыңдай түсуге, мектептің оқу-тәрбие ісінің құжаттарын талапқа сай орындауына көп еңбек сіңірді.
1935 жылы Екпінді орта мектебі құрылып, Жыланды мектебінің жанындағы интернат Екпінді орта мектебіне көшіріліп жоғарғы класс оқушыларының баянды оқып шығуына толық жағдай жасалды.
1936 жылдын 1940 жылдың аяғына шейін 8-10 класс оқушыларна 64 сомның стипендиясы берілді. Мемлекет есебінен киім және тамақпен қамтамасыз етілді. Интернатта Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан келген балар оқып білім алды, тәрбиеленді. Жетім балалар көп болды да олардың тұрмыс жағдайларына, білім алуына үлкен қамқорлық жасалды. Алғашқы интернаттың меңгерушісі Ерғожанов Қанатай. Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңдерінде де интернат өз жұмысын тоқтатпай жұмыс істеп, оқушылар мемлекетіміздің қамқорлығымен бір күн де сабақтан қалдырған жоқ. Интернаттың жеке мал шаруашылығы, шағын бау-бақшасы болды, сонымен күндерін көрді. Демалыс және каникул күндерінде оқушылар масақ жинады, егістік жерлердегі зиянкестер - шегіртке, тышқандарды жойды. Шөп шауып өздерінің жеке шаруашылықтарындағы малдарына қысқа арнап пішен дайындады. Соғыс кезіндегі құрғақшылық және ауылшаруашылық техникаларының жетіспеуіне қарамастан қар астындығы дәндерді жинап, тамақ өнеркәсібі орындарына мыңдаған тонна астық өткізуге өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Ауыр өмір олардың қабырғасын ерте қатайтып есейтті. Осындай қиын қыстау кездердегі ауыртпалықтарға, жоқшылыққа қарамай балаларға деген мемлекетіміздің үлкен қамқорлығын көріп өскен интернат түлектері елімізге танымал, ардақты да қастерлі азаматтар болып өсті. Олар әлем таныған жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Дж. Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты болған Әнуар Әлімжанов, ақындар Тұрсынбек Жабаев, Қастек Баянбаев, жазушы Темірхан Мизамбеков, танымал журналист, Жоғарғы Кеңеске депутат болған Қанат Асқаровтар. Қазақстанның ауылшаруашылығына еңбек сіңірген Сәкен Алпысбаев, хирург Рахымұлы Жарымхан, ұзақ жылдыр білім беру саласында жемісті еңбек етіп, мектеп басқарғандар Жақан Әлсейітов, Мәкетай Жақыпбеков, Дүйсембеков Зиқап, Темірхан Кемелов, ұстаздар Тұяқбаев Бекіш, Мұсаханов Айт, Арғынов Қалиакпер, Оразханов Рашат, Сайлыбаев Болат Асқарұлы. Шаруашылықтарды басқарған: Рамазанов Құттыбек, Даулет Қартабаев, Серік Ахметов, Әділбек Манатбаев экономист - Матабайұлы Ерхасым, өндіріс және ауылшаруашылықытың басшы орындарында істегендер Өтебаев Шынарбек, Абрахманұлы Қалибек, Мұсаханұлы Абдолла, Оспанбекұлы Аппас. Есепшілілер: Рахымжанұлы Кәрім, құқық қорғаушылар – Шүкетаев Есімхан, Қасымбеков Сағынтай, Рақышұлы Шынболат т.б көптеп саналады.
Тарихы сонау 1936 жылдан басталған интернат қазіргі уақытқа дейін өз жұмысын , тыныс–тіршілігін үздіксіз жалғастырып, аға ұрпақтар ізін басатын және жалғастыратын жас жеткіншектерге тәрбие беруде. Алғашқы интернатың меңгерушісі Ерғожанов Қанатай, одан кейінгі әр жылдарда Ақыш, Қажыкен, Қошқаров Базарбай, Қазыбаев Әукен, Долдаханов Серік, Қанабеков Болат интернат меңгеруші болып істеді.
2006 жыл тамыз айында ҚР Үкіметінің Қаулысымен Екпінді орта мектебіне жерлесіміз күйші-композитор, профессор Мәлгеждар Әубәкіровтің есімі берілді.
Қазіргі кезде 1989 жылдан бастап интернатты «Қазақ ССР халых ағарту ісінің озық қызметкері» Қыстаубаев Серік Кәкенұлы басқарып келеді.
Облыс бойынша интернат мекемелері арасында 1994 жылы өткен байқауда ІІ орынды иеленді, 2000 жылы облыстық «Таңдаулы интернат 2000 жыл» байқауда Алакөл ауданы бойынша қатысып жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Қазіргі кезде М.Әубәкіров атындағы орта мектебі жанындағы интернат 1987 жылы пайдалануға берілген, типтік үлгіде салынған, екі қабаттық ғимаратта орналасқан жалпы алаңы – 2617 шаршы метр, тиімді алаңы 1000 шаршы метр, 55 орындық жатақханасы бар интернат жұмыс жасауда.
Интернат жатаханасында 14 жатын бөлме бар, барлық бөлмеде таза су құбыры жұмыс істейді . Әр бөлмеде жеке жуынатын орын бар. Ғимараттың бірінші қабатында сыртқы аяқ киімдерін қоятын бөлме, киім үтіктейтін бөлме, кір жуатын, жуынатын және өрт қауіпсіздігін сақтау бөлмесі, шағын шеберхана, қатты және сұйық отынмен жұмыс істейтін жеке жылу жүйесі орналасқан. Екінші қабатында оқу залы, демалыс бөлмесі, шағын спорт бөлмесі, уақытша сауықтыру бөлмесі, қыз балаларға арналған гигиеналық бөлме, зат сақтайтын қоймалар орналасқан. Интернат ғимараты пайдалануға берілгеннен бергі уақыт ішінде 2009 жылы интернат жатақханасының жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
2011 жылы жатын 14 бөлмелерге 2 қабаттағы оқу залына, демалыс бөлмесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.Осы жылы жатын бөлмелерге қатты жиһаздар атап айтқанда 14 киім шкафтары, 14 бөлме үстөлдері және 55 дана ағаш төсектері алынды.
2013-2014 оқу жылының жаз кезінде мектептегі күрделі жөндеу жұмысының барысында интернат ғимаратының шатыры толық ауыстырылып жөнделді, кіреберіске сыртқы аяқ киімдерін қоятын бөлме салынды.Ауладағы гүл отырғызылатын орын темір шарбақтармен жаңадан қоршалды. Балалар тамақтанатын орын және ас үй, азық- түлік сақталатын бөлме, ыдыс-аяқ жуатын бөлме қүрделі жөндеуден өтіп жаңартылды. Су ысытатын екі дана «Арестон» және тамақ дайындайтын тоқ пеші орнатылды.
Тәрбиеленушілер сенбі, жексенбі күндері үйлеріне қайтарылады. Бұл күндері ата-аналары малшы –шопан болып алыс қыстақтарда жұмыс істейтіндердің балалары болады. Оларға арнап интернат жанындағы шағын монша жағылып жуынулары қамтамасыз етіледі. Интернат тірбиеленушілер арасында жол апатынан, жарақаттардан және кездейсоқ жағдайлардан сақтандыру, алдын алу мақсаттарында түрлі әңгіме лекция жұмыстары жүргізіледі. Жол қауіпсізідігі ережелерімен таныстырылып, техникалық қауіпсіздік журналдарына қолдары қойылып, ата-аналарына ескертіліп отырылады.Сенбі, жексенбі күндеріне байланысты тәрбиеленушілер үйлеріне арнайы рұқсат журналына қол қойып, тәрбиешілердің бақылауымен қайтарылады.
Интернатқа жыл сайын 55 тәрбиеленуші қабылданады. Тәрбиеленушілер негізгі мектептері бар Көкжар, Шынжылы, Төңкеріс, Байзерек, Қарлығаш ауылдарынан.
10-11 сыныптарды оқу үшін келеді. Тәрбиеленушілердің негізгі құрамы ата-аналары малшы-шопан болып жұмыс істейтін және әлуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы от басынын шықан, жартылай асыраушылары жоқ оқушылар. Байзерек мектебінен келіп осы интернатта тәлім тәрбие алған Мендібаева Гулмира Серікқызы 2012 жылы «Алтын белгі» иегері және 2013 жылы Мелісова Ақниет «Алтын белгі» иегері атанды.
1935 жылы орта мектеп болып құрылған сәттен қасиетті білім ордасының жанында ашылған интернатта қазіргі күні 55 бала тәрбиеленеді. Интернат жатақханасы қазіргі заман талабына сай жабдықталып, безендірілген. Тәрбиеленушілердің алаңсыз білім алып, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына барлық жағдай жасалған.
Мектептің күрделі жөндеуіне 2014 жылы 200 млн.теңге бөлінді. Осы күрделі жөндеуді тендер арқылы Фирма «СтройРемСервис» ЖШС-і директоры Мырзаимханов Торғайбек Алимбекович жеңіп алды. Мектептің жалпы көлемі 1244,4, және ішкі аумағы 3004,1..
Мектеп, ауыл абыройын аспандатқан алдыңғы буын – аға ұрпақтың өнегелі өмір жолын үлгі еткен бүгінгі мектеп оқушыларының арасында білімде де, өнер мен спорт саласында да үлкен табыстарға жетіп жүрген талантты, дарынды балалар аз емес.
Бүгінде мектепте 290 оқушы білім алып тәрбиеленуде. Олар 18 сыныпқа және 15 оқушы шағын орталыққа топтастырылған.
Мекен жайымыз
Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Екпінді ауылы, Қазақстан көшесі, 55 үй

Жетысуская область, Алакольский район, село Екпенди, улица Казахстанская 55
©2016-2022, Ресми сайт Алакөл ауданы бойынша білім бөлімінің "М.Әубәкіров атындағы орта мектеп" КММ
Барлық құқық қорғалған "Интерактивті мектеп" жобасы. Техникалық қолдаушы "Internet service" +77075327722,tangatarov13@mail.ru